Статьи

10.07.2010

Адвокаттар заңда жазылған кепілдемелерге ие бола алмай отыр.

- Әнуар Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасы Парламентінде 1997 жылы қабылданған "Адвокаттар туралы" заң қазіргі заманға ыңғайланып, қайтадан талқыланып жатыр. Жақында Парламент Сенаты білікті құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі заң жобасын толықтырулар енгізу үшін Мәжіліске қайтарды. Қабылданатын заңда адвокаттардың мәртебесін көтеруге қатысты қандай өзгерістер мен толықтырулар бар? Қабылданатын жаңа заңға қандай өзгертулер мен толықтырулар енгізу керек деп ойлайсыз?

- Адвокаттық қызметтің кепілдігіне қатысты қолданыстағы заңнамаға енгізілуге тиіс аса маңызды түзетулер біздің тарапымыздан ұсынылды. Мысалы, Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет туралы" заңының 17-бабында адвокаттық қызметтің кепілдігі туралы айтылған, оған сәйкес адвокаттық қызметтің жүзеге асырылуына ешкім тікелей немесе жанама түрде кедергі жасай алмайды. Құқықтық көмек көрсетіп отырған адаммен адвокатты теңдестіруге қатаң тыйым салынады, кәсіптік қызметін атқару кезінде оған белгілі болған мән-жайлар туралы оны куәгер ретінде тергеуге қатаң тыйым салынады. Соңғы кезде біз құқық қорғау органдарының адвокаттарды өздерінің қорғаудағы адамдарымен бір санатқа қосып, теңдестіруін жиі кездестіретін болдық. Мысалы, адвокаттарға куә ретінде тергеу жүргізу, адвокаттық құрылым орындарында санкциямен бекітілмеген заңсыз тінтулер жүргізілуі, тергеу абақтысына (СИЗО) қызмет бабымен барған адвокаттарға заңсыз тексеріс пен тінтулер жүргізілуі сияқты заңға қайшы келетін жағдайлар болып тұрады. Осылайша, адвокаттар заңда жазылған кепілдемелерге ие бола алмай отыр. Олардың мәртебесі мен өкілеттігі тиісті деңгейде жүзеге асырылып жатқан жоқ. Сондықтан кейбір адвокаттар, жалпақ тілмен айтқанда, көбінесе өзінің заңды қызметін толыққанды атқаруға, ойын ашық жеткізуге сескенеді, ал бұл өз кезегінде білікті құқықтық көмек көрсету сапасына кері әсер етеді.

Сондықтан біз көрсетіліп жүрген құқықтық көмек сапасын жоғарылату мақсатында адвокаттық қызмет кепілдемесін күшейту, оған қатысты оперативті-іздеу шараларын тағайындау және іс жүргізудің ерекше тәртібін енгізу аса маңызды екенін айтып отырмыз. Сонымен қатар адвокатқа қатысты қылмыстық іс тек облыстық прокурормен немесе оған теңестірілген прокурормен ғана қозғалуы мүмкін. Адвокатқа қатысты оперативті-іздеу шараларын жүзеге асыру, тінту жүргізу мен тәркілену сияқты және тағы басқа шаралар тек сотпен ғана бекітілуі тиіс. Оперативті-іздеу шараларын жүргізетін органдармен астыртын әріптестікке адвокаттарды тартуға тыйым салынуы керек. Бұл туралы талай рет айтқан болатынбыз. Осындай барлық сұрақтар бойынша біз кеңейтілген түрде ұсыныстар жасап отырмыз. Тәжірибе жүзінде біздің ұсыныстарымыздың жүзеге асырылуы Қазақстандағы осы құқық қорғау институтын жетілдіруге, адвокаттық кәсіптің мәртебесін көтеруге, Конституциямен кепілдендірілген квалификациялы құқықтық көмек көрсету қызметімен қамтамасыз етуде аса маңызды мәнге ие болады деп сенеміз.

- Адвокаттар сот процесінде сырттан қараған адамға екінші деңгейдегі адам секілді болып көрінеді, өзінің қорғауындағы адамның санатында бағаланады. Осының өзі адвокатуралық қызметке деген халықтың сенімін жоғалтып, сот ісінің біржақты айыптау бағытымен жүргізілетіндей әсер қалдырады. Сондықтан адвокаттардың мәртебесін әлі де көтеру керек сияқты...

- Мен бұл пікіріңізбен толық келісемін. Қорғаушылардың екінші деңгейдегі қызметкер болып көрінетінің себебі мынада. Қылмыстық істерді жүргізу заңы тараптарды сайыстыру және тең құқылық идеясын қылмыстық сот ісінде бекіткен (ҚР ҚІЖК 23-бап). Сайыстыру ретінде айыпталушының қорғалуға деген құқығын ғана түсінуге болмайды, бұл сонымен бірге ақиқатты іздеу әдісі мен айғақтарды зерттеу тәсілі де болып табылады. Өкінішке қарай, қазақстандық қылмыстық процесте, әсіресе, сотқа дейінгі сатыда осы функцияларды не қорғалушы, не айыпталушы жеткілікті түрде жүзеге асыра алмайды, себебі біздің қылмыстық процесте қылмысты дәлелдеуде - тергеушінің, анықтаушының және прокурордың рөлі басым болатындығы айтылады. Адвокаттың дәлелдеуге қатысу мәселесі нормативті актілерде жеткіліксіз реттелгендіктен, қылмыстық процеске тартылған адамдардың бостандықтары мен құқықтары едәуір бұзылды.

Заң актілері тергеушіге айыптау және ақтау дәлелдемелерін жинауды жүктейді. Алдын ала тергеудің негізгі міндеті - сот үшін материал жинау. Осылайша, тергеуші бір мезгілде бір-біріне мүлдем қарама-қайшы функциялар атқаруға міндетті. Тергеушінің айыптау жағына еліту мүмкіндігі аса жоғары. Қылмыстық істі қозғаған кезде ол айыпталушыға қарсы бұлтартпайтын шараларды тауып, айыптауды біржақты тұжырымдайды. Сөйтіп, тергеуші өзінің "сыңарезу" шешімінің тұтқынына айналады. Сондай-ақ тергеуші өз жұмысының сапасын бағалау жүйесіне орай, дәлелдемелер жинауда әр кезде объективті бола бермейді, соған байланысты қылмыстық істі тоқтату, оның тарапынан жіберілген қателік ретінде бағаланады және тергеушіге тағылған айып-кінә болып саналады.

Сайысудың негізі қылмыстық процестің сотқа дейінгі кезеңінде қалыптасуы керек. Екі жақ та сотқа айыптау және ақтау дәлелдемелер жиынтығымен, тең болып келуі керек. Қолданыстағы заңға сәйкес қорғаушы тарапына қарағанда, сотқа дейінгі сатыда дәлелдемелер жинаған айыптаушының қолында көбірек материал болады. Нәтижесінде сотта қорғаушының рөлі көбінесе тергеушінің жұмысындағы кемшіліктерді іздеумен ғана болады. Көп уақытты сол алады. Квалификациялық құқықтық көмек мәселелері бойынша заң жобасында, дәлелдемелер жинау жөніндегі адвокаттың өкілеттігіне қатысты бірқатар өзгертулер қарастырылған.

- Әнуар Құрманбайұлы, көбіне адвокаттардың мәлімдеген өтініштері мен шағымдары прокуратура, тергеу органдары, тіпті сот процестерінде де еленбей қалып жатады. Бұған себеп адвокаттардың жинаған дәлелдемелері мен деректерінің салмақсыздығы ма, жоқ қазіргі кездегі қорғаушылардың кәсіби біліктілігінің төмендігі ме?

- Адвокаттардың берген өтініштерінің барлығын бірдей қылмыстық қудалау органдары мен сот органдарының қанағаттандыра бермейтіні рас. Кейбір кездерде адвокаттардың жолдаған өтініштері мүлде қаралмайды, тіпті ешқандай негізсіз қайта қайтарылып жатады. Бұл олардың салмақсыздығынан немесе сауатсыз құрастырылғандығынан емес. Мәселе адвокаттың кез келген өтініші мен қолдаухаты алдын ала тергеудің де, сол сияқты соттық тергеудің де процесін тежейтіндігінде. Әдетте сотқа қатысушылар процестің тез бітуін қалайды. Қорғалушылардың келтірген дәйекті дәлелдері, сауатты жазылған қолдаухаттары тергеу жұмысына елеулі кедергі келтіреді, сондай-ақ тергеу барысын өзгертіп, бұрынғы пікірлерді бұзуы мүмкін. Осы мәселені шешу мақсатында біз адвокаттардың нақты дәлелдер келтірілген қолдаухаттарын қанағаттандыруды қамтамасыз ететін тиімді процессуалдық механизмін қалыптастыруды ұсынып отырмыз. Мәселен, қорғалушы тараптың барлық қолдаухаттарын қараудың міндеттілігі нормасы туралы Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет туралы" заңына өзгерту енгізуді сұрап отырмыз. Қолдаухатты қанағаттандырмай, негізсіз кері қайтарған жағдайда сотқа және прокурорға, сондай-ақ алдын ала тергеу органдарының лауазымды тұлғаларына қатысты қатаң шаралар қолдану мүмкіндігі де сол ұсынысымызда қарастырылған.

- Алқа билер институтының енгізілуі адвокаттардың жұмысына қалай әсер етті?

- Алқа билер қатысатын соттың енгізілуіне байланысты, ақтаушы үкімдер пайызы қанша дегенмен өсті. Соңғы жылдары Алқа билердің қатысуымен болған сот процестерінде қаралған көптеген істер ақтаушы үкіммен шешілгенін байқаймыз. Бұл адвокаттарға үлкен жеңілдік алып келді, өйткені сот ісінде қандай да жарыссөз болатындығына үміт артылады. Бірақ заңнамаға сәйкес, Алқа билер қатысатын соттар, тек ауыр қылмыс жасағаны үшін сот тарапынан өлім жазасына бұйыру қарастырылған жағдайларда ғана жүргізіледі. Қазір Елбасымен бекітілген, 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасы Алқа билер қатысатын сотта қаралуы тиіс істер санатын болашақта кеңейтуді қарастыруда. Бұл жақсы, себебі Алқа билер қатысатын сотпен қарастырылатын қылмыстық істер санаттарының біртіндеп кеңейтілуі адвокатураның рөліне жағымды әсерін тигізетін болады, осыған орай, мен айтып өткендей, ақтаушы үкімдер санының өсуі мүмкін.

- Адвокаттардың кәсіптік міндеттерін орындау барысында сот, ұлттық қауіпсіздік, қорғаныс, құқық қорғау органдарының ғимараттарына емін-еркін кіріп-шығу мүмкіндігі бар ма? Жалпы, қорғаушылар қандай ведомстволық шектеулермен жиі кездеседі?

- Адвокаттардың құқық қорғау органдары, сот, прокуратура сияқты ведомстволық ғимараттарға қызмет бабымен еркін кіріп-шығу мәселесі бұрыннан бері талқылануда. Квалификациялы құқықтық көмек мәселесі бойынша заң жобасына өзгертулер енгізу басталғалы, соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстан адвокаттарының одағы Парламентке мұндай ғимараттарға адвокаттардың кіріп-шығуларына шектеулерді алып тастау туралы талай рет ұсыныстар түсірді. Қазақстан Республикасының "Адвокаттық қызмет туралы" заңының 14-бабына біз өзгерту енгізуді ұсындық, оған сәйкес адвокат соттардың, прокуратураның, қылмыстық процесс жүргізетін органдардың әкімшілік ғимараттарына "еркін қолжетімділік" құқығын пайдаланатын болады. Біздің ойымызша, қазіргі күші бар заңда жазылған "бекітілген тәртіппен" деген ескерту сөз, адвокаттардың ведомстволық ғимараттарға еркін кіру туралы ережеге қарама-қайшы келеді. Яғни құқық қорғау органдары мен сот ғимараттарына кіру тәртібі адвокаттар үшін қазіргі кезде аса қатаң, арнайы рұқсатпен ғана жүзеге асырылады. Мұндай құқық қорғау ведомстволарының ғимараттарына еркін кіре алатын прокурор немесе тергеушінің құқы адвокаттарда жоқ, бұл жағынан тең емес жағдайда. Сонымен қатар біз сот және басқа да мемлекеттік құқықтық органдардың ғимараттарына еш кедергісіз кіру құқығын беруді заң арқылы шешіп беруді сұрап отырмыз.

- Қазақстанда білікті, азулы қорғаушы заңгерлер қашанда тапшы екені белгілі. Ауылдық жерлерде жақсы адвокат табу қиын, оны өзіңіз білесіз. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында әрбір 300 адамға, Ресейде 3 мың адамға бір адвокат қызмет етеді екен, ал біздегі бүгінгі жағдай қалай?

- Жалпы алғанда, біздің елімізде өз жұмысын жетік меңгерген, жоғары білікті адвокаттар көп деуге болады. Олардың арасында заң және экономика ғылымдарының кандидаттары да, бұрынғы төрешілер де бар. Мұндайда жоғары санаттағы адвокат қандай аймаққа барып жұмыс істеймін десе өз еркі. Бірақ тәжірибелі адвокаттар ауылдық жерлерге қарағанда, үлкен қалаларда жұмыс істегенді артық көреді. Қазіргі кезде Қазақстанда әрбір 4,5 мың азаматқа бір адвокаттан келеді. Осының өзі бізде адвокаттар саны өте аз екендігін білдіреді, кейбір ауылдық елді мекендерде адвокат деген атымен жоқ. Осындай жағдай ең алдымен Әділет министрлігінің адвокат қызметін лицензиялаудың қолданыстағы жүйесі, елімізді адвокаттармен қамтамасыз ете алмай отырғандығын көрсетеді. Мен аттестаттау комиссиясының тиісті көшпелі мәжілістерді аймақтарда жылдап өткізбейтіндігі туралы айтып тұрған жоқпын, мәселе басқада. "Адвокат болайын және ауылда жұмыс істейін" деп ниет білдіргендер көп, бірақ олар үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Адвокаттық қызметке сәйкес білімі бар, қорғаушы қызметімен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарына Астанаға барып сынақ тапсыру үшін бірнеше күн бойы қалада өмір сүруге тура келеді. Ал олардың бәрінің қолдарында қаржы қаражаттары бар бола бермейді. Сондықтан адвокаттық қызметке рұқсатты адвокатураның өзі беруі тиіс. Бұл анағұрлым тиімді де, жеңілірек болады. Бізде аумақтық адвокаттар алқалары бар, олардың облыс орталықтарында да, аудандық орталықтарда да сынақ өткізетін мүмкіндіктері де мол. Біз Әділет министрлігіне лицензиялау тәртібін реформалау туралы осы мүмкіндіктерімізді айтып, талай рет ұсыныстар жібергенбіз, әзірге нәтиже жоқ.

- Қазіргі кезде жастар арасында адвокат болуға құлшыныс білдіріп, осы саланың абыройы үшін қызмет етемін деген ықыласпен келетіндер бар ма?

- 2010-2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының негізінде адвокат қызметін жетілдіру жөнінде Мемлекеттік бағдарлама жасалып шығарылатын болады, біз өз тарапымыздан адвокатура институтының әрі қарай дамуын қалай көретінімізді айтатын боламыз, осының негізгі бағыты болып еліміздің барлық аймақтарында, әсіресе, ауылды мекендерде адвокаттар көрсететін білікті заңгер көмегімен қамтамасыз ету табылатын болады. Адвокаттар алқаларында сынақ мерзімінен өтіп жүретін адамдардың санына қарасақ, жастардың адвокаттар қатарына қосылғылары келетіндігі туралы айтуға болады. Адвокатурадағы орташа жас қазір 30-35 жас, бұл өте жақсы, себебі ең жаңа технологиялар мен интернетпен жақсы тіл табысатын, бірнеше шет тілін білетін жастар адвокат корпусына өте қажет. Жастар адвокаттық мамамандықты таңдайтындығына өте қуаныштымын, себебі қазіргі кезде адвокатура бастан өткізіп отырған мәселелерге қарамастан, адвокат болу және азаматтар құқықтарын қорғау ең беделді кәсіп болып қала береді және мен біраз уақыт өткен соң елімізде адвокат мәртебесі адвокатура төреші, саясаткер, т.б. лауазымдарға әкелетін жол болатын шетелдердегідей шыңға шығып кете алатындығына үміттенемін.

- Адвокаттардың бүгінгі кездегі ахуалы, әлеуметтік жағдайы қалай?

- Адвокаттардың әлеуметтік жағдайы туралы "мына жағынан мықты" деп бөле-жара айтатындай ештеңе жоқ, себебі қазіргі кезде адвокаттардың ауыз толтырып айтатындай, "әлеуметтік пакеті" жоқ. Яғни еңбек демалысы ақысын алмайды, ауырып қалған жағдайда оларға еңбекке жарамсыздық қағазы төленбейді және тағы басқалары. Сонымен бірге адвокат мәртебесінің ерекше сипаты бар, олар еңбек қатынастарына тұра алмайды және кәсіпкерлік қызметпен айналыса алмайды. Сондықтан олар мемлекеттен әлеуметтік кепілдік алмайды. Адвокаттарды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету туралы мәселе алдағы уақытта, адвокатура институты аяғына тік тұрған кезде талқыланып, заңдастыратын болар.

- "Адвокатуралық кеңселердің жағдайы сын көтермейді. Материалдық-техникалық жағынан төмен жарақталған...", деген әңгімелер шығып жүр. Бұған не айтар едіңіз?

- Әділет министрлігі жақында "Казахстанская правда" басылымында адвокаттар алқасының өз қызметін дұрыс ұйымдастыра алмайтындығын, адвокаттарға арналған өз кеңсесінің болмауы, материалдық жағынан нашар қамтылғаны туралы мәлімдей келіп, оның алғашқы мүшелік жарнасын алып тастау керек деген пікірін айтты. Осыны меңзеп отырған боларсыз. Бұл жұмсартып айтқанда, өте қисынсыз нәрсе. Мысал ретінде кейбір цифрларды келтіре кетейін. Адвокаттар алқасы 400 миллион теңгеге жуық ақшаны өз меншігіндегі заңгерлер кеңесі мен төралқаларға арналған кеңселерге жұмсады. Бұл қаражат тек қана алғашқы мүшелердің жарнасынан жиналған болатын. Бұл кеңселерде мемлекеттің адвокаттық корпусының жартысынан астамы өз қызметін жүзеге асырады. Иә, адвокаттар отырған кейбір кеңселердің сын көтермейтініне келісуге мәжбүрмін, бірақ оларды қалыпты жағдайға келтіру үшін қосымша қаржы керек, қазіргі кезде не алқа, не мемлекет ақша бөліп отырған жоқ. Сондай-ақ бірқатар ауылдық аудандарда адвокаттарға арналған кеңселер мүлдем жоқ. Ал егер жергілікті Үкімет мүлде көмектеспесе, тіпті жалға беруден де бас тартса, оларды қайдан аламыз? Мысалы, Қызылорда облысының Адвокаттар алқасын бұған дейін отырған кеңседен күштеп көшіріп жатыр. Сот шешімі бойынша ғимарат "Отан" АҚҰ Қызылорда облысы бойынша кеңесінің меншігіне берілетін болды. Бұл жерде облыстық Адвокаттар алқасы жыл сайынғы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, көптеген жылдар бойы облыс тұрғындарына құқықтық көмек көрсетіп келген.

Адвокатураның материалдық базасы ондаған жылдар бойы оның мүшелерінің есебінен құрылған болатын. Сондықтан жаңадан келгендер бірінші кезекте, өз жұмысы үшін жағдай жасауға қатысуы тиіс. Басқа қаржы көзі бізде жоқ, себебі адвокатура мемлекетпен қаржыландырылмайды және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады. Адвокаттар қандай кеңселерде отырмасын, сатып немесе жалға алынсын, не салынып жатсын - барлық ғимараттар тек адвокаттардың өз есебінен ғана алынып, қаржыландырылған және де олардың материалдық-техникалық жағынан жабдықталуы да адвокаттардың мүшелік жарналар есебінен жүзеге асырылады. Алқаларға алғашқы мүшелік жарна алуға тыйым салу, адвокатураны өте ауыр қаржылық жағдайға әкеп соқтырады. Бұлай жасалатын болса білікті құқықтық көмек көрсетуді ұйымдастырудың барлық жүйесі күйреуге ұшырайды.

- Сот шешімінің екі жақты да қанағаттандыратындай әділ, сапалы болуы адвакаттың кәсіби біліктілігіне көп байланысты. Адвокат білімсіз болса сот жұмысы күрделенеді. Қорғаушылардың кәсіби біліктілігін көтеру мәселесі қарастырылған ба?

- Мен сізбен толық келісемін, айтайын деп отырған ойымның дәл үстінен түстіңіз. Иә, сот шешімінің сапасы адвокаттың кәсіпқойлығына байланысты. Сондықтан тиімді сот жүйесіне қол жеткізу үшін адвокаттардың мәртебесі мен өкілеттігін ғана емес біліктілігін де арттыру қажет екенін айтқым келеді. Адвокат өз қызметін жүзеге асыру барысында мемлекет тарапынан кәміл кепілдікпен қамтылуы керек, бұл туралы мен әуел бастан айтқан болатынмын. Ал адвокат шеберлігін жетілдіруге және кәсіпқойлығын дамытуға өзі уақыт бөлуі тиіс. Осы мақсаттарда, білікті құқықтық көмек мәселесі бойынша заң жобасымен адвокаттарды үнемі өз біліктілігін жоғарылатуға міндеттейтін жаңа норма енгізу қарастырылған. Бұл форма дұрыс жасалды деп ойлаймын. Мемлекет ғаламат динамикамен дамып келе жатыр, екі күннің бірінде жаңа заңдар қабылданып, бұрынғылары өзгертілуде. Мұндай үрдістерді қадағалап отыру аса қиын. Сондықтан біз Қазақстан Адвокаттары одағы жанынан - Адвокаттар біліктілігін жоғарылату және адвокатура кадрларын дайындау орталығын аштық. Ол адвокаттар үшін әртүрлі тренингтер мен семинарлар ұйымдастыратын болады. Орталықтың әріптестері болып Адвокаттардың облыстық алқасы, америкалық заңгерлер ассоциациясы, Құқық ұлықтылығы бағдарламасы (ABA/ROLІ), демократиялық институттар мен адам құқықтары бойынша ЕҚЫҰ бюросы, Техникалық әріптестік бойынша Германия қоғамдастығы, Орталық Азия мемлекеттерінде құқықтық және сот реформаларын қолдау (GTZ), Қазақстан тұтынушыларының Ұлттық лигасы, сондай-ақ ағылшын-қазақстандық заңды ассоциациясы. Мұндай әріптестік біздің орталықты әмбебап етіп, қызмет аясын халықаралық деңгейге дейін кеңейтуге мүмкіндік береді. Орталықтың тыңдаушылары тренингтерге қатыса отыра, тек кәсіптік деңгейін ғана жоғарылатып қоймай, сонымен бірге өз әріптестерімен араласып, тәжірибе, пікір алмасып, заңды сұрақтар бойынша пікірталастарға да қатыса алады.

- Әңгімеңізге рақмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Республикалық қоғамдық - саяси газет "Айқын" № 236 (1417), 22 желтоқсан 2009 жыл

Сұхбаттасқан

Қайыржан ТӨРЕЖАН

www.advokatura.kz

Возврат к списку